ГОЛШТИН ЖӘНЕ АЛАТАУ ТҰҚЫМДАРЫНЫҢ ӨНІМДІЛІК КӨРСЕТКІШТЕРІНІҢ ЖАС ЕРЕКШЕЛІКТЕРІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ ДИНАМИКАСЫ
Сауын сиырларды өнеркәсіптік технология жағдайында пайдалану кезінде оларға белгілі бір талаптар қойылады. Селекционер ғалымдардың алға қойған мақсаттарының бірі, конституциясының мықтылығымен және экстерьерлік кемшіліктердің болмауымен, сондай-ақ жоғары өнімділігімен, ерекшеленетін сиырларды өсіру. Ғылыми зерттеулер Жетісу облысының «Каримов» ЖК-да жүргізілді.
Зерттеу нысандары әртүрлі жастағы голштин және алатау тұқымды сиырларыны құралды. 2023-2025 жылдар аралығында жүргізілген әртүрлі жастағы голштин және алатау тұқымдарының өнімділік көрсеткіштерін салыстырмалы талдау барысында барлық жас топтарында және барлық жылдар бойынша голштин сиырларының сүт өнімділігі алатау тұқымымен салыстырғанда айтарлықтай жоғары екендігі анықталды. Мәселен, 2023 жылы голштин тұқымды тұмса сиырлардың сүт өнімі алатау тұқымды сиырларға қарағанда 2339 кг-ға (P<0,001), үшінші және одан жоғары төлдегендер – 1254 кг-ға (P<0,001) жоғары болды. 2024 жылы басымдық тиісінше 1848 кг (P<0,001) және 2636 кг-ды (P<0,001), ал 2025 жылы тиісінше 1825 кг (P<0,001) және 2318 кг-ды (P<0,001) құрады.
Жастың ұлғаюына байланысты сүт өнімділігінің динамикасы әр тұқымда өзіндік ерекшеліктерге ие. Сапалық көрсеткіштер бойынша, айырмашылық сенімсіз болғанымен, алатау тұқымының көрсеткіштері сәл жоғары. Сүт өнімі бойынша белгілердің өзгергіштігі нормативтік көрсеткіштерге сәйкес келеді, бірақ алатау тұқымды сиырлардың сүт өнімінде біршама тұрақсыздық анықталды.
Голштин тұқымды сиырлардың біршама ірі екендігі анықталды. Мәселен, 1-лактация бойынша бұл басымдық 9 кг-ды, ал толық жастағыларда 17 кг-ды (P<0,05) құрады. Голштин тұқымы лактация кезеңіндегі сүт өнімі бойынша алатау тұқымды сиырлардан сенімді түрде асып түсетіндіктен, олар сүттілік коэффициенті бойынша да басым болды: бірінші лактацияда 23,6%-ға, ал толық жастағыларда – 25,4%-ға.