ЕТТІ-ЖҮНДІ БАҒЫТТАҒЫ БИЯЗЫ ЖҮНДІ ҚОЙ ТҰҚЫМДАРЫНЫҢ ЖҮНІНІҢ ФИЗИКА-МЕХАНИКАЛЫҚ ҚАСИЕТТЕРІ
Мақалада AR14870941 гранттық қаржыландыру тақырыбы бойынша жүргізілген зерттеулер аясында алынған етті-жүнді биязы жүнді қойлардың жүнінің физика-механикалық қасиеттерін зерттеу нәтижелері берілген. Ғылыми-өндірістік тәжірибе отандық (қазақтың биязы жүнді, етті меринос) және шетелдік (доне және дойчемеринофляйшшаф) қой тұқымдарын қолдану арқылы жүргізілуде. Зерттеу нәтижелері отандық және шетелдік тұқымды қошқарлардың жүніндегі май мөлшері оңтайлы деңгейде екенін көрсетті. Доне тұқымды қошқарлар үшін тер/май арақатынас мөлшері 0,72, дойчемеринофляйшшафта – 0,97, қазақтың биязы жүнді қой тұқымында – 0,84, етті мериноста – 0,92 болды.
Қазақтың биязы жүнді және етті меринос қой тұқымдарының қошқарлары мен аналықтары жүнінің үзілу ұзындығы (км) бойынша есептегенде, олардың жүн беріктігінің орташа көрсеткіштері 9,23±0,11; 9,32±0,24 және 8,57±0,09; 8,95±0,13 км сәйкестенді, бұл көрсеткіштер биязы жүн беріктігіне сәйкес келеді. Дойчемеринофляйшшаф тұқымының қошқарлары мен аналықтарының жүні жоғары беріктілігімен сипатталды, жүн беріктілігі қошқарларда 10,06-10,17 км, саулықтарда 7,87-10,22 км аралығында болып, орташа көрсеткіштері 10,12±0,05 және 9,37±0,28 км сәйкестенді. Доне қойларының жүн жіңішкелігі 18,7-20,5 мкм сәйкес болуына қарамастан, олар жақсы жүн беріктігі және биік жүн ұзындығы көрсеткіштерімен ерекшеленді. Жүн беріктілігі қошқарлар үшін 9,45±0,09 км, аналықтар үшін 8,48±0,25 км сәйкес келді. Жүн ұзындығы бойынша 70 миллиметр мен 130 миллиметр аралықтарын көрсетіп ерекшеленген дойчемеринофляйшшаф қойларының орташа көрсеткіші 115,0 миллиметрге сәйкестенді.